Қайым Мұхамедханов — ұлт руханиятына адал қызмет еткен ғұлама
Қайым Мұхамедханов көрнекті абайтанушы ғалым, ақын, жазушы-драматург, аудармашы, педагог, қоғам қайраткері. Ол 1000-нан астам ғылыми еңбектің авторы, Қазақстандағы абай поэзиясы мектебінің, текстология ғылымының, Шәкәрімтану мен Алаштану бағыттарының негізін қалаушы. 1940 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі. КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің еңбек сіңірген қызметкері, Семей, Аягөз қалаларының, Шығыс Қазақстан облысының Жаңасемей және Абай аудандарының Құрметті азаматы.

Қазақ руханиятының тарихында Қайым Мұхамедхановтың орны айрықша ол Абай мұрасын сақтап, ғылыми жүйеге түсірген, ұлттық мәдениеттің үзілмеуіне бар ғұмырын арнаған қайраткер . Абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі болған Қайым Мұхамедхановтың өмір жолы — ұлтқа адал қызмет етудің, азаматтық биіктің айқын үлгісі. Қайым Мұхамедханов 1916 жылы дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, тұрмыстың тауқыметін көре жүріп, білім мен ғылымға деген құштарлығын жоғалтпады. Семей педагогикалық институтына түсіп, 1941 жылы сырттай бітіріп,17 жасынан бастап ұстаздық жолға түсіп, алпыс жылдан астам уақытын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған. Ол тек ұстаз ғана емес, ұлттың рухани жадына жауапкершілікпен қараған азамат болды.

Қайым Мұхамедхановтың тағдыры Алаш идеясы мен Абай мұрасымен тығыз байланысты. 1937 жылғы зұлматта әкесі атылып, өзі оқу орнынан қуылған сәтте оған демеу болған — ұлы жазушы Мұхтар Әуезов еді. Әуезов Қайымның бойындағы адалдық пен терең білімге деген ұмтылысты байқап, ең жауапты міндеттерді сеніп тапсырған. Соның ең үлкені — Семейдегі Абай атындағы мемлекеттік музейді ашу болды. Қиын-қыстау жылдары ел ішін аралап жүріп, ол Абайға қатысты 500-ден астам құнды жәдігерді жинап, болашақ ұрпаққа аманат етті.Ғалымның өмірлік мұраты — Абай мектебін ғылыми тұрғыдан дәлелдеу болды. Қайым Мұхамедханов Абайдың айналасына топтасқан ақындар мен ойшылдардың тұтас бір рухани мектеп екенін дәлелдеп, отыздан астам шәкірттің өмірі мен шығармашылығын қайта жаңғыртты. Ол ғылыми текстология әдісін қолдана отырып, әрбір шығарманың нақты авторын анықтап, ұлттық әдебиетті бұрмалаудан сақтап қалды. Қайым Мұхамедханов тек ғалым ғана емес, мемлекетшіл тұлға да болды. Ол 1945 жылы қабылданған Қазақ КСР Мемлекеттік гимнінің авторы. Жиырма жеті жасында жазған бұл гимн жарты ғасыр бойы елге қызмет етті. Сонымен қатар ол ақын ретінде жүзден астам өлең жазып, әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аударған. Қазақ әдебиетінде текстология ғылымын қалыптастырған бірегей маман ретінде де тарихта қалды.
Бүгінде Қайым Мұхамедхановтың есімі — адалдықтың, табандылықтың, ұлттық санаға қызмет етудің символы. Семей қаласында ғалымға ескерткіш орнатылып, еліміздің көптеген қалаларында көшелерге есімі берілді. Оның өмір жолы мен еңбегі — жас ұрпақ үшін тағылымды өнеге. 2022 жылы 30 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Алаштың астанасы Семей шаһарында «Ұстаз бен шәкірт» деген атаумен Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған еңселі ескерткіштің шымылдығын ашты.Қайым Мұхамедханов — Абайды ғана емес, тұтас қазақ рухын қорғап өткен тұлға. Ұлтқа қызмет етудің ең биік үлгісі де — осы.
