Меню KDT




690 жылдық мерейтой Әмір Темірдің өмірі мен қызметі.



Әмір Темір атақты түркі тектес халықтарының билеушісі, Темір әулеті империясының негіздеушісі. 1370 жылы Мәуереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрған, 27 мемлекетті қол астына бағындырған «әлем жаулаушысы». Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылады. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып ақсақ болып қалғандықтан Ақсақ Темір атанады.
Әмір Темір Барлас руынан шыққан, Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Барлас руы түркі тілдес тайпаларына жатқан, қазір ұрпақтары өзбек халқының ішіне кіреді. Барластар Шыңғысханның жаулауы кезінде, қазіргі Моңғолия жерлерінен Орта Азияға көшкен. Әмір Темірдің арғы атасы Қарашар ноян, оның баласы Ежіл ноян оның баласы Елеңгір ноян, оның баласы Берқұл, оның баласы Мұхаммед Тарағай, оның баласы Әмір Темір.
Темір барластардың бір бөлігінің бегі, жетекшісі еді. Кейін өзіне басқа бектерін қаратты, Шағатай ұлысының хандары - Моғолстанның билеушілеріне қарсы көтеріліс бастаған. Темір басқарған жігіттер керуендеріне шабуыл жасаған, соңдықтан оны жасында баспашы болды дейді. Бектердің бегі болып, Шағатай ұрпақтарынан тәуелсіз мемлекет құрған.
Әмір Темір 1336 жылы 8 сәуірде Мәуереннахрдағы Кеш қаласында, қазіргі Шахрисабзда, Самарқанның оңтүстігінде орналасқан жерде дүниеге келген , кейбір зерттеулерде Темір 1333 жылы 7 мамырда дүниеге келген. Ал Грановский өз еңбегінде Темір Самарқанда 1336 жылы 9 сәуірде Шыңғысханның ұлының, Шағатайдың иелігінде дүниеге келген деп келіп, ол қолына қан уыстап, шашы ақ болып туған деп көрсетеді. Оның анасы Шыңғысхан тұқымынан шыққан, ал әкесі шағатай тұқымындағы әміршілердің бірі болған, бірақ оған үлкен мұра қалдырмаған.
Темірдің жастық шағы туралы келтірілген мәліметтер Клавихоның мәліметтерімен ұқсас келеді, тек «темір ұстасы мен кәсіпшілікпен» айналысқандығы туралы тың жайттар айтылды. Ал Ибн Арабшахтың дерегінде Темірдің әкесі кедей ұсташы болып, оның қой ұрлап жатқан сәтте оған садақтың жебесі тиіп жараланғандығы туралы айтылады. Сонымен қатар Ибн Арабшах кез-келген тонаушылық әрекетке оның соңынан еретін нөкерлердің санының ұлғайғандығы туралы да баяндайды.
М.М. Герасимовтың Темір мәйітін зерттеу қорытындысы бойынша оның бойы шамамен 172 см құрағанын және физикалық жетілген өте мықты тұлға болғанын көрсетті. Оның шашы өз қатарларына қарағанда әлдеқайда ақшыл болған. Герасимов қалпына келтірген бет-пішініне және терісінің ақ түстілігіне қарап, кейбір ресейлік зерттеушілер: «Әмір Темірдің тегі еуропалық болған» деген тұжырымдамалар бар.
Темір түрік, тәжік тілінен өзге парсы тілін де жақсы меңгерген, ғалымдардың тарихи шығармаларын тыңдап, сөйлесуді ұнататын және өзінің әңгімелерімен мұсылман тарихшыларын таң қалдырған. Бұл туралы Академик В.В. Бартольд Темірдің өзі түркі тілінен өзге парсы, тәжік тілдерін еркін меңгерген. Али Йездидің хабарлауынша ғалымдар түркі және тәжік тілдерінде жазған және кеңес өткізген.
1348 жылы 12 жасында Балық әмірі Қазағанның әскерилерінің қатарына алынды. Ол қарапайым әскери міндетін атқара жүріп-ақ барластарды өз айналасына топтастыра бастайды. Өз замандастарының арасында беделін көрсетіп, қолбасшылық өнерін ерте байқатады.
Атақты тарихшы Арабшах Темірді туралы былай айтады:
Темір мығым денелі, ұзын бойлы, кең маңдайлы, кең кеуделі, зор дауысты және оның күшіне жететін жан болмағандығын айтады. Оның ұзын сақалы болды, оң аяғы мен оң қолы мертік болған. Ол 80 жасқа жетпей қайтыс болғанымен, ол өлген шағында өзінің қаталдығы мен ақылынан еш айырылмаған. Ол өтіріктің жауы болған, әзілдер оны қызықтырмаған, шындық ащы болса да, оны жаны сүйген. Өзі тұрған жерде қарақшылық, өлтіру мен әйелдерге деген зорлық-зомбылық туралы айтқызбаған. Сәтсіздіктер немесе жеңістер оның еңсесінің түсуіне еш әсер етпеген. Ол өзін сыйлата білетін және әскеріне жолдас болған
.
Әмір Темір алғашында Қашқадария уәлаятының билеушісі болды (1361). Осы кезден бастап ол Моғолстан ханы Тоғлұқ-Темірмен, оның ұлы Ілияс Қожа және Балх пен Самарқан әмірі Хұсейнмен билік үшін күрес жүргізіп, 1370 жылы Мәуереннахрды өзінің қолына алды. XIV ғасырдың 70-жылдары оның қолбасшылық дарыны толық ашылып, атақ-даңқы жер жүзіне тарады. Осман империясы мен Орталық Азия аймағында ол “Aksak Tіmur” (Ақсақ Темір), ирандықтарға Тимурленг, еуропалықтарға Тамерлан есімімен белгілі болды.Әмір Темірдің әскерлерінің тегеурінді шабуылдары арқасында Хорезм мемлекеті (1372 — 88), Шығыс Түркістан (1376), Герат (1381), Хорасан (1381), Қандағар (1383), Сұлтания (Оңтүстік Әзірбайжан, 1384), Тәбріз (1384), Иран және Ауғанстан толық бағындырылды. Бірнеше дүркін жойқын жорықтан соң Алтын Орданы күйретті. Әмір Темір 1370 — 90 жылдары Тоқтамыс хан мен Едіге әмірдің арасындағы алауыздықты шебер пайдалана отырып, Дешті Қыпшақ, Ақ Орда мен Моғолстанға 10-нан астам жойқын соғыс жорығын жасады. Сарыарқадан өткен жорықтарының бірінде, Ұлытау маңында, ұрпаққа естелік ретінде құлыптас қалдырған. Әмір Темірдің Алтын Орданы талқандауы Ресейдің тәуелсіздік алуына оң жағдай жасады.
Әзірбайжан, Дағыстан, Гүржістан (Грузия), Ирак Әмір Темір мемлекетінің құрамына енді. 1398 жылы Үндістан басып алынды. Сирия мен Ливан (Палестина) мәмлүктері бағындырылды. Алдыңғы Азияның басқа мемлекеттері де Әмір Темірдің билігін мойындады. 1402 жылы жазда Әмір Темір Анкара шайқасында Осман империясының негізгі әскери күшін талқандап, түрік сұлтаны Йылдырым Баязидті (Баязид) тұтқындады. Әмір Темірдің үздіксіз соғыстарының нәтижесінде алып империя — Темір мемлекеті құрылды. Оның жалпы аумағы 14 млн км²-ге жетті.
Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа шыққанда жолай Отырарда қайтыс болды.  Темірдің денесі түнде қаладан шығарылып, 6 ай жол жүріп сүйегі Самарқандағы Гүр-Әмір кесенесіне мұсылман дәстүріне сай жерленген. Америкалық зерттеуші, Чикаго университетінің профессоры Джон Вудстың есептеуі бойынша, Темірдің тікелей ұрпақтарының жалпы саны оның өмірінің соңына қарай жүзге жуықтаған.
Әмір Темірдің 4 ұлы болған Жихһангер (1356 — 1376), Әмір Шейї (1356 — 1394), Мираншах (1366 — 1408), Шаһрух (1377 — 1447). Темір әулетінен ұлы ғалым Ұлықбек (1394 — 1449), Моғол империясын құрушы Бабыр (1483 — 1530) сынды атақты адамдар шықты. Әмір Темір әлемдік тарихта талантты қолбасшы, тегеурінді саясаткер ретінде қалған. Орталық Азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Әмір Темір есімімен тығыз байланысты. Тарихи деректер оның қол астындағы аймақтардағы түркі, парсы, араб мәдениеті мен өнерінің өкілдері, ғалым-ойшылдары Әмір Темірдің тарапынан үлкен қолдау тапқандығын растайды. Әмір Темір қазақ жерінде мәңгілік өшпес ескерткіш қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салып қалдырды.

Мәліметтер интернет желісінен алынды.
Қор сақтаушы Калым М.Б.